Кедейлік психологиясы

Кедейлік психологиясы
Spread the love

Мақтарал ауданында туып-өскенмін, халқы кішігірім облыс халқының санымен парапар, үлкен аудан. Тұрғындары шағын ғана суармалы аумақта мақта мен көкөніс, бау-бақша егіп, жерді еміп өскен еңбекқор адамдар.

Ауданның өзіндік өзекті проблемалары да көп. Сырдария өзенінің сол жағалауында, көршілес Өзбекстаннан ағып шығар тұсында орналасқандықтан су тапшылығы ел тынысын тарылтып, құлашын кең жаюына аса мұрша бере бермейді. Ерте көктемде су тапшы.  Өндірілген өнімді тасымалдаудың кедергілері, қымбатқа түсетіні, жолда саумалау, т.с.с. өз алдына.

Бұл қиындықтан басқа Мақтаарал ауданының облыс орталығынан шалғай жатқандығы тағы бар. Құрылысқа қажет заттар 250 шақырым жердегі облыс орталығынан тасымалданады. Аудан көлемінде тіпті тас пен құм да жоқ. Халық жиі тұратындықтан әлеуметтік қорғаудың қиындықтары да бар. Дегенмен, шыдағанға шығарған дейтіндей еңбекқор халық жерді ұқыпты пайдаланып қиналса да қынжылмай ата-бабасынан мирас болып қалған атақонысында еңбек етіп жатыр.

Сарыағаш ауданының халқының жағдайы да осы шамалас. Олар да осылай тырбыңдап еңбектеніп келеді.

Бұдан шығатын қорытынды – еңбек етем дегенге жұмыс та, бастапқы қаржы да табуға болады. Тек қана жігер мен ұмтылыс керек. Ана жұмыс анадай, мына жұмыс мынадай демей, отбасын ашықтырмайтын, тарықтырмайтын әрекет керек. Шынымен еңбек еткісі келетіндерге мемлекеттен де қолдау көрсететін бағдарламалар көп.

Кезінде аудан көлемінде жұртшылықпен мыңға жуық кездесу өткізгенмін. Соның бірінде бір әйел кісі: «Біз неге кедейміз?» деп сұрады. Осы сұрақ осы күнге дейін жадымда жаңғырығып, есімнен кетпей қойды. Жауабын іздеймін. Сол кездегі айтқан жауабым бүгінге дейін өзгерген жоқ.

Қазақ бүгін: «Қашанғы кедей қалпында жүрмекпін» деп, алдына мақсат қойып, барын қарыштап, күнделікті және ұзақ мерзімді шығындардың тамақ пен киімнен басқасын қоя тұрып, құдалық пен тойлардағы бәсекеге ермей, балаларының білімге құштарлығын оятып, тапқан-таянғанын кемелді білім алуына мүмкіндік жасасын. Оқуға шынымен құнты жоқ баласын көпке еріп, жалған намыстың жетегінде кетпей, босқа қаржы жұмсамай, бір кәсіпке үйретсін. Өзі үйрете алмаса, ісін ұсталықпен атқаратын адамға шәкірт етсін. Сонда ғана кәсіптің бір-бір тұтқасын өзгелерге ұстатып қойып, қарап отырмаймыз, әр істің төл маманы өзіміз бола аламыз. Бұл деген сөз біздің жайбарақаттығымызды, уайымсыздығымызды, жетілуге ұмтылмайтынымызды  пайдаланып майлы жіліктің басын ұстап отырғандарға ұлттық бәсекелестік әрекетіміз болар еді. Керісінше болса, бүгінгідей біз ақшамызды шығарып, солардың қызметін тұтынуға немесе олардан ештеңе үйренбей-ақ, күнім өтсе болдыға салып, жәрдемші қызмет етуге ғана жарап қала бермекпіз.

Бұлай деуімізге негіз бар. Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету ісінде түрлі қызметтерді иемденіп, меңгеріп алған монополистік жағдайларды көріп жүрміз. Көлік жөндеу, ас-тамақ тірліктерінің басында бір ұлт, ұялы телефон мен компьютер қондарғыларын сату мен жөндеуде тағы бір ұлттың адамдары жүр.

Қызғанбаймыз. Мамандану қабілеттеріне риза боламыз. Биязы. Иіліп тұрады. Атқарған істері сапалы, шағым жасай алмайсыз. Жасаған тамақтары дәмді.

Біз қайдамыз? Жер біздікі, ел біздікі дейміз, ашынамыз, күңкілдейміз, бірақ шындық көзге ұрып тұр. Себебі бізде табандылық, жігер, мамандану, ақшаны үнемді жұмсау мәдениеті жетіспейді. Той мен құдалықты қарызға өткізіп, ипотекаға үй алып, қымбат көлікті несиеге алып, ол ақшадан құтыламын деп пәленбай жыл қарызға батып жүреміз. Еселеп екі-үш есе құн төлеп, жем болып жүрген өзіміз.

Біреулер өзіне-өзі сын көзбен қарайды, жүрген ортасының, отбасының я мекеменің жолы болмаса, оның жауапкершілігін өз мойнына алуға әзір, жетілуге тырысады, бір сөзбен айтқанда, дамуға ұдайы дайын. Ал, кейбіреулер жауапкершіліктен қашады, себепті басқа біреуден іздеуге бейім. Олар дамуға әзір емес, оларда социализм үлгісі: азға қанағат етіп үйренген, тоқкөңіл, тіпті, жалған тәубешіл. Тағы да ондайлар әдетте қоғамға кінәмшіл, өшпенді келеді.

Өз еркіміз өзімізге тигеніне, нарық қатынастарын игере бастағанымызға ширек ғасыр өтсе де, біздің экономикалық өмірде  әлі де болса масылдық пиғылдан толық арыла алмағанымызды, «онда бар нәрсе, менде неге жоқ?» немесе «ананың жолы болып кете бере ме?» дейтін келеңсіз жағдайлардың аяқ басқан сайын кездесе кететінінен байқауға болады. Осы пиғылды қоғамымыздағы талай азаматтардан байқап, сеземіз. Кейбір өздерін кісі санап жүрген адамдардың өзінің айтып жүрген пікіріне қарасақ, мәдениеттің қалыптасуын, қоғамның рухани дамуын,  мемлекеттің өсіп-өркендеуін қорғап, қолдаудың орнына, оны баяғыша мемлекеттің міндеті санайды, біз қол қусырып қарап отырсақ та бола береді деген немкеттілік пиғылда.

Біздегі, еңбегін сауып, жағдайын дұрыстаған туыс-жолдастан Абай айтып кеткен сұрамшақтық жолымен бірдеңе алып қалсам деген ниет те ілгері жылжуымызға кедергі болып тұр.

Ақберен Елгезек деген озық ойлы, өмірге бейтарап қарамайтын досымның мынадай бір жазбасы бар:

« Кедейліктен әбден шаршаған отбасыдан бір еті тірі бала шығады. Оқу оқиды, бірдеңемен айналыса бастайды тырбыңдап. Оған әзірге ешкім назар аудармайды. Пысқырып қарайды, күледі, мазақ етеді: «Пысығын-ай, иттің баласының! Дүние қоңыз пәле екен ә! Қу кедей қалай байымақ! Артына қарамай ма! Пішту, мишық!»

Сосын әлгі «әрекетке – берекет» ұстанымын мықты ұстанған буыны қатпаған бозөкпе бала бірнеше жыл өтіп, тіпті 10 жыл өтсін, дыңдай азаматқа айналып шыға келеді. Қазақша айтқанда байиды…

Сол кезде бүкіл туған-туыс, құда-жекжат, жалқау, қотырын қасеп-қасеп, арып-ашқан сорлы ағайынның анау сұрланған көкжиектен мықшың-мықшың етіп келе жатқан сұлбасы пайда бола қалады. Иегі кемсеңдеп, көзі мөлиіп, жәймен әлгі сорлы баланың мойынына отыра бастайды. Бермесе ренжиді, берсе азсынады. Сырттай пыш-пыш өсек айтады. Ал, өзінің қолынан түк келмейді. Сондай масылдық дүниетаныммен жылап-сықтап өтеді өмірден. Я өзіне шыр бітпейді, я баласына дұрыс білім-тәрбие бермейді. Ондай жатып ішер қазақтан я мемлекетке, я қоғамға, я өзінің маңайына, тіпті өзіне десеңізші, көк тиын пайдасы жоқ. Еңбек еткісі келмейді, біреудің дүниесіне таласады. Ұялмайды. Міне, біз осымен күресуге тиіспіз. Кедей болу Қазақстанда ұят болып саналу керек.

Жастар, тастаңдар жылағанды. Кәсіп жасаңдар. Жеңіл болмайды. Әрекет ет! Жігеріңді жаны!»

Менің өмірде алғаш алған экономикалық сабағым 17 жасымда, Ташкент қаласында, институттың бірінші курсында пәтер жалдап тұрған үйде, алғашқы күндері басталды. Үй иесі әйел ауласында доп ойнап жүрген ұлына: «Құр босқа селтеңдеме. Пұл табуды үйрен онан да» деді. Бала ертеңіне аялдамада айранға су қосып, ішіне мұз кесектерін тастап мұздаған шалап-сусынды стакандап сатып тұрды.

41 жылдық еңбек өтілімнің бәрін түгел мемлекеттік қызметке арнадым. Қатардағы мемлекеттік қызметкерге бұл қызметтің жақсы жағы – аз болса да ұдайы келіп тұратын жалақы бар. Анда-санда айлығың да, мүмкін, қызметің де өсіп тұрады. Үмітпен өмір сүресің. «Бәлен жерде, биікте қызметтемін» деген «атағы» бар.

Теріс жағы да бар – өмірі жарымайсың. Айлық алғанға дейінгі қарызыңды қайтарумен өмірің өтеді. Бір жақсысы – құл емессің. Жұмысыңды дұрыс атқарсаң болғаны. Бұл жұмысқа жас мамандардың жақсы көріп, ұмтылатыны сол.

«Шыдағанға шығарған» деген бұл жұмысқа құмар болып, соны армандай бергенше, кәсіппен айналысқан тиімді. «Мен қашанғы кедей болуға тиіспін. Менің маңдайыма жазылған осы ғана болуына қашанғы төземін?» деп өзімізге сұрақ қоялық. Соның жауабын ізделік. Соның бір жолы – әуелі саудамен, кейін бірақ қаржы жинап алып, кәсіппен айналысу. Мамандану. Өз ісінің үздігі болуға тырысу. Ерінбеу. Бүгінгі заманда кәсіпкерлікпен айналысу ақпараттану ағының молдығынан онша қиын емес. Не сатып аламын, не сатам десең жарты минут қана уақыт кетеді.

Елбасының жұртшылыққа өзінің мына арманын айтқан: «Мен әрбір азаматтың қосында үш кілттың болуын: пәтердің, автокөліктің, жеке офисінің» дегені әмбебап формула. Бұл сөз біздің ой-дәптеріміздің маңдайшасында жазылып түруы тиіс.

Жас кезімізде оқыған кітаптарымызда: «Марксизм догма емес» делінетін.  ұғым бар еді. Оның растығына нарықты дұрыс қабылдай алғандардың көздері жетіп жүр. Ал кейбір орта буын қызметкерлеріміз бір кездері алған білімі мен тәжірибесінен айнымай, сол қалпында қалып қойған. Әрі қарай оқуды қажетсінбейді. Олардан: «100 қадам Стратегиялық бағдарламасынан не білесің?»,  «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» немесе «Ұлт жоспары –  Қазақстандық арманға бастайтын жол»деген Елбасы мақалаларында еңбекке, елдің дамуына қатысты қандай жаңа идеялар айтылып еді?» десең, өз қызметтеріне қатысты тармақтарды да айта алмайды. Осынау күнде өзгеріп жатқан заманда олай болу, жұқалап айтқанда, артта қалушылық саналады. Олар қалай қарапайым халыққа жол көрсетіп, өнеге береді?!

Біз қандай адам болуымызды өзіміз таңдаймыз. Біздің қандай болуымызды ешкім айқындап бере алмайды. Жақсы адам санатына ене алмағанымызды байқасақ – жөнделейік немесе өкпелесек өзімізге өкпелейік.

«Жаман адам болмайды, надан адам ғана болады» дейтін қанатты сөз бар. Бұл сөздің дұрыстығын бәріміз де шамалаймыз, бірақ ойлануға келгенде, «екіншісі мен емес шығармын» дейміз де, бұл ойдан тезірек құтылуға асығамыз.

Өзін өзгелермен салыстырып көргісі келгендер, алдымен өзгенің озығын, артықшылығын танысын. Оның жақсысын көре алмаса, немесе аз ғана көрсе, соны түйсіну барысында бойындағы кемшіліктері өзі-ақ көрінеді. Өзгенің жеткен биігіне өзі жете алатынына сенімді адам оны күндемейді, күндейтіндер оның жеткен жеріне жете алмасын білетіндер.

Жаңарған ата газетіміздің жаңа рубрикасын көргенде ойға оралған алғашқы пікірлер осы болды. Сәтті ұйымдастырылған екен.

Қазір «Әлеуметтік басқару» деген оқулық жазу үстіндемін. Ол – мемлекеттік басқарудың, жергілікті өзін-өзі басқарудың, үкіметтік емес ұйымдардың, ұжымдық басқарудың және жеке басқарудың теориялық және өмірлік қағидалары мен ережелері түсіндірілмек. Осы бағыттардың бәрі жаңа заман талабына сай қалй болуы түсіндіріледі.

Мұны айтып отырғаным – әркім тәуелсіздігіміз үшін, елдің өрге басуы үшін, азаматтарымыздың жетілуі үшін қолынан келген қызметін жасағанда барып біз жетілеміз,жаңарамыз, жаңғырамыз, «Мәңгілік ел» боламыз.

 

Мырзагелді КЕМЕЛ, профессор